Қостанайда көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінен өртеніп кеткен адам денесі табылды. Аталған жайтқа қатысты облыстық полиция департаментінің өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
Анықталғандай, қайғылы оқиға 21 қаңтарда қаладағы 8-шағынаудандағы №11 үйдің кіреберісінде болған.
«Сағат 13:16-да келіп түскен хабарламаға сәйкес, 10 қабатты тұрғын үйдің 9-қабатынан 10-қабатына көтерілер тұстағы баспалдақ алаңында қоқыс өртенген. Оқиға орнынан өртеніп кеткен ер адамның мәйіті табылды. Тұрғындарды эвакуациялаудың қажеті болған жоқ. Өрт сағат 13:55-те сөндірілді», - делінген ТЖД хабарламасында.
Аталған жайтқа қатысты қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Жәбірленушінің жеке басы анықталды. Ол тұрғылықты жері жоқ 51 жастағы ер адам болып шықты», - делінген облыстық ПД хабарламасында.