Елордада жеңіл көлік көшедегі жарық бағанын құлатып, автобус аялдамасына кіріп кетті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
Бүгін, таңертеңгі сағат 08.05-те «KIA CARENS» маркалы көлікті тізгіндеген 31 жастағы жүргізуші Б. Момышұлы көшесімен Тәуелсіздік даңғылына қарай келе жатып, Сәтбаев көшесімен қиылысқа жеткенде рөлге ие бола алмай қалған. Соның салдарынан, көлік көше шамы бағанын құлатып, одан кейін аялдама алаңына кіріп кеткен.
«Абырой болғанда сол сәтте автобус аялдамасында ешкім болмаған. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Жүргізушіге химиялық-токсикологиялық сараптама тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр», - деді департаменттен.
Айта кетейік, кеше ғана елордада «КамАЗ» жүк көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалып, жолаушылар автобусын соққан болатын.