Алматы полициясы қалада көлік айналарын ұрлаумен жүрген және сатумен айналысқандарды ұстады. Тек соңғы айдың өзінде бір Алмалы ауданында біреудің мүлкін қолды еткен 30 дерек тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тәртіп сақшылары күдіктіні кезекті ұрлық жасап жатқан кезінде ұстаған. Бұзақы бұған дейін қарақшылық шабуыл жасап сотталған. Сондай-ақ біреудің мүлкін қолды етіп жүрген. Полицейлердің сөзінше, көбінесе «Тойота Лэнд Крузер 200», «Лексус LX 570», «Тойота Камри 55» сында маркалы көліктердің айнасын шешумен айналысқан. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
«Мен Семейдің тумасымын. Осыдан бір ай бұрын көліктердің айнасын ұрлаумен айналыса бастадым. Ұрланған заттарды Car city сауда үйінде жұмыс істейтін Седой деген лақап аты бар азаматқа өткізіп жүрдім. Кінәмды толығымен мойындаймын», – деді ол.
Ұрланған айналарды Car city сауда үйінде жұмыс істейтін танысына өткізіп отырған. Ол өз кезегінде айнаны басқа сатушыларға утилизацияға тапсырылған көліктен алынғанын алға тартып жүрген. Қазіргі таңда екі күдікті де уақытша қамау изоляторына жабылған.
«Ұрлықпен айналысқаным үшін ұсталдым. Бұл ісім үшін өкінемін. Тергеушілермен ынтамақтастық жасауға дайынмын. Енді қайталамауға уәде беремін!», – деп аяқтады сөзін айна ұрлаушы.