Түркияда жер сілкінісі салдарынан қаза болғандар саны 25 адамға жетті

01.11.2020 01:05

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жедел хатын жолдады

aa.com.tr

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жедел хатын жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Онда Измир провинциясындағы жер сілкінісі салдарынан қайтыс болған және зардап шеккен азаматтар туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадам. Табиғи апатта жақындарынан айырылған отбасыларға Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтып, орны толмас қайғыға ортақтасамын, деп жазды Мемлекет басшысы.  

Кеше Түркияның батысында жергілікті уақыт бойынша 14.51-де 6,6 баллды жойқын жер сілкінісі болды. Апат салдарынан 25 адам мерт болып, 804 тұрғын түрлі жарақат алған. Түркиядағы елшіліктің мәліметінше, зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ.  

Жер сілкінісінен кейінгі елдегі ахуал жайында ақпарат алу мақсатында Измирда тұрып жатқан қазақстандық тәуелсіз журналист Әсел Шарбековамен хабарласқан едік. Ол бізге зіл-зала болған аумақтағы қазіргі жағдайды баяндап берді.

«Дін істер басқармасы бірден мешіттерге үйсіз, баспанасыз қалған тұрғындарға үй болғанша, мешіттерде паналай тұруға рұқсат берді. Измирде жер сілкініснен кейін 2 сағаттан кейін  Стамбулдан бірден өрт сөндірушілер мен құтқарушы топ жолға шығып, Измирдегі әріптестеріне көмектесуде және Аданадан да құтқарушы топ келді», –  деді журналист Әсел Шарбекова.

Жер сілкінісінің ошағы 16,5 шақырым тереңдікте орналасқан. Шамамен 15 секундқа созылған жерасты дүмпулерін Түркияның батысындағы көптеген провинциялар мен Стамбул қаласының тұрғындары да сезінген. Кейбір мәлімет көздерінің хабарлауынша,  алапат салдарынан кем дегенде 20 ғимарат қирады.

Сымбат Ноғай, «Алматы» телеарнасы