Ақтөбе облысында ер адам жеке үйде шыққан өрттен жеті адамды алып шықты, деп хабарлайды Polisia.kz.
23 мамыр сағат 04.26-да Темір ауданы Шұбарқұдық ауылы Жаңақұрылыс көшесі жеке үйдің кіреберісі және шатыры өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрт орнына сағат 04.27-де Ақтөбе облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №16 өрт сөндіру бекетінің жеке құрамынан алты адам, екі автокөлік шықты.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін өртті байқаған көршісі Медет Қалмұханов терезені сындырып, үй ішіне кірді. Ұйықтап жатқан жеті адамды, оның ішінде үш бала, бір жүкті әйелді далаға шығарып үлгірген ол – өзінің сол сәтте бірнеше минутқа кідірмей, бір отбасыны аман алып қалғанына қуанышты. Оқиға орнына алғашқы өрт сөндіру бөлімшесі төрт минут ішінде жетті.
100 шаршы метрден асатын үйдің шатыры мен кіреберістің өртенуі сағат 05.04-те оқшауланып, сағат 05.56-да сөндірілді.