Алматыда жүксалғышына айналымда жоқ доллардың бір қабы мен қару салып алған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бастапқыда полицейлер көлік терезелерін қара түспен тұмшалаған оны жол ережесін өрескел бұзғаны үшін тоқтатқан. Тексеру барысында жүргізушінің көлік құралын құжатсыз басқарғаны және көліктің өзінікі емес екені анықталды. Оған қоса, темір тұлпардың артынан заңмен рұқсат етілмеген заттар табылды. Тәртіп сақшылары жүргізушінің жүк салғышынан «Байкал» травмат тапапшасын, оқ толы жеке қорап, бір рация, бірнеше VIP-нөмірлер, номиналы 100 АҚШ доллары болатын бір қап валютаны анықтаған. Дегенмен, ұсталған жүргізуші бұл заттардың қайдан келгенін және кімге тиесілі екенін ашып айтпай отыр. Қазір ұсталғандарға әкімшілік хаттама толтырылып, көлік айыппұл тұрағына жөнелтілді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
«Осы оқиға болған жерге біз автокөліктің иесін шақырдық, ол оның танысы болып шықты. Әкімшілік кодексте көзделген жауапкершіліктен бұрын, ол азамат заңсыз қару-жарақ тасымалдап, сақтағаны үшін Қылмыстық кодекстің 287-бабының нормалары бойынша міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қазіргі таңда қару-жарақ тәркіленді. Оның басқа да бір қылмысқа қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр. Міндетті түрде сол бапта көрсетілген норма бойынша сот алдында жауап беретін болады», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.