Талдықорғандағы көлік дөңгелегін өңдеу зауытында резервуар жарылып, 3 адам зардап шекті. Түнгі 3 жарым шамасында болған жарылыстан цехтың 80 шаршы метр аумағы отқа оранған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал, оқыс оқиғадан жарақат алған жұмысшылар Талдықорған қаласының көпбейінді ауруханасына жеткізілді. «Екі азаматтың жағдайы орташа, ал 44 жастағы маман ауыр халде», дейді дәрігерлер.
«Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен аталған жағдайға 24 қызметкер мен 9 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, қалалық полиция департаменті мен медициналық жедел жәрдем де бірден көмекке келді. Алдын ала болжам бойынша дүмпудің негізгі себебі- техникалық ережелерді сақтамау болуы мүмкін», – деді Алматы облысы ТЖД бастығының орынбасары Игорь Жуков.