Мектептегі әлімжеттік: Түркістан облысында 8-сынып оқушысы көз жұмды

21.02.2020 22:30

Ата-анасы 14 жасқа енді толған баланың өмірін қиғандар біреу емес, бес-алтау екеніне сенімді

Almaty.tv

Мектептегі әлімжеттік тағы бір баланың өмірін қиды. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында 8 сынып оқушысы бақилық болған. Мектеп қабырғасындағы қайғылы жағдай жұрттың жағасын ұстатты,деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Баланың ата-анасы суыт хабардың неліктен кеш жеткеніне аң-таң. Әсіресе, ұлын мектепке шығарып салып, денесін мәйітханадан алып шыққан анасы қайғыдан қан жұтып отыр. Ол ұлының әлімжеттіктің құрбаны болғанына сенімді. Сондықтан да істің тыңғылықты тергеліп, әділ шешілгенін қалайды. Мектептің абыройын сақтайық, істі дүрліктірмейік деп келіп жатқандардың саны көп дейді. Қарабастың қамын ойлағандар «кешірім» берулерін де ескертіп, даурықтымауды айтып кетті деп жылайды.

Марқұм Нұралы Бейбарысты мектеп жанынан тапқан жас жігіт мұғалім емес, практикант. Талықсып жатқан жеткіншекті көре сала, алғашқы  көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған.

8 сынып оқушысының өлімін әлімжеттік деп айтуға  әлі ерте дейді мектептің күні кеше тағайындалған су жаңа директоры. Өйткені бала мазасы болмай, денешынықтыру сабағына қатыспады деп қалды.

Ал Нұралының сыныптастары балалар арасында ерегіс болғанын жасырып қалмады. Алдымен киініп-шешінетін бөлмеде сөзге келіп қалғанын айтты. Бірге парталас қызы марқұмның тым жуас, әрі ұялшақ болғанын еске алады.

«Ұлдар ерегісіп қалды. Ал, Бейбарыс момын, өзі мейірімді еді. Сабағын да жақсы оқитын, мұғалімдерге сөз қайтарған емес. Тыныш отыратын», – деді сыныптас қыздарының бірі.

Құпия өлімнің сыры бейне бақылау камерасына жазылып қалуы мүмкін. Сондықтан болар барлық видео тәркіленіп алынып, қылмыстық іс қозғалып үлгеріпті.

«Қазығұрт ауданы Спатаев орта мектебінде болған оқиға қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, барлық сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Қазір қалай да бір шешімді біз айта алмаймыз. Тергеудің қортындысымен барлық мәлімет беріледі», – деді Қазығұрт аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Арман АҚШОРАЕВ.

Ал аудандық білім бөлімінің басшысы сабақ уақытында оқушыларын көзден таса қылған педагогтар жазасыз қалмайды деп сендірді. Тек тергеу жұмыстарының нәтижесін күтетінін алға тартты.

«Егерде сараптама қортындысы бойынша, баланың өлімі шын мәнінде зорлықтан екені анықталса, тиісті мамандардың барлығы жауапқа тартылады. Оған мен білім бөлімінің басшысы әрі ер азамат ретінде уәде беремін», – деді Қазығұрт аудандық білім бөлімінің басшысы Асан УСИМБАЕВ.

Десе де, істің бұрмалынып кетуі мүмкін дейді марқұмның туыстары. 14 жасқа енді толған баланың өмірін қиғандар біреу емес, 5-6 екеніне сенімді. Барлығы табылып, жазаланса деп отыр. Әрі Нұралының әруағы үшін аянбай, әділдік орнатамыз деген талаптарын төтесінен қойды.