Алматы облысында жалған ақпарат таратқан мұғалім ұсталды

28.03.2020 17:15

Ол екі адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны туралы аудиожазба таратқан

polisia.kz

Алматы облысы Ұзынағаш ауылының екі тұрғынын коронавирус ауруына шалдыққан деп қауесет таратқан әйел ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысы Жамбыл ауданы Үмбеталы ауылының 31 жастағы Р. есімді тұрғыны WhatsApp желісі арқылы жергілікті тұрғындар арасында Қайназар ауылы мен Ұзынағаш ауылында екі адам коронавирус инфекциясын жұқтырғаны туралы аудиожазба таратқан.

Бұл ақпарат мессенджердің өзге топтары арасында да тез тарады. Жалған ақпаратты мыңнан астам жергілікті тұрғын таратып үлгергені анықталды.

Жалған мәліметтер анықталғаннан кейін полиция қызметкерлері оны дереу тексеруге кіріскен.

Барлық позициялар бойынша ақпарат расталмады.

«Жалған ақпаратты таратушы бірден анықталып, ұсталды. Оның Жамбыл ауданы Үмбеталы ауылының 31 жастағы тұрғыны екені және жергілікті мектептердің бірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқаратыны анықталды. Жауап алу барысында азаматша өзінің коронавирус туралы ойланбай өтірік ақпарат таратқанын толығымен мойындады», – делінген Алматы облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының 4-бөлігі (төтенше жағдай кезінде керенеу жалған ақпарат тарату) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол үштен  жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.