Көкшетауда Бірлік шағынауданындағы №22 мектептің жертөлесі еріген қар суына толып қалды. Бұл туралы әлеуметтік желідегі жергілікті пабликтердің парақшасында видео жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысы Айгүл Нөгертаеваның айтуынша, кеше сағат 22:10-да жертөледегі су сорылып сыртқа ағызылды. Су сору жұмыстарына 10-ға жуық техника тартылды. Барлық электр құрылғылары шағын орталықта желіден ажыратылды.
- Енді тәулік бойы кезекшілік қоямыз. Түні бойы мектеп ауласында болдық. Әкімдік ергін қар суының мектеп ауласына кіргізбеуге бар күшін салуда. Қазір мектептің жертөлелерінде су жоқ. Жүк көліктерімен құм тасымалдануда, - деп жауап қатты Kazinform тілшісің сауалына Айгүл Нөгертаева.
Айтуынша, бір түнде 40-қа жуық машина су сорылып, 10 машинаға жуық қар шығарылды. Дәл қазір қала бойынша жағдай тұрақты. Көкшетау қаласындағы барлық мектептер мен балабақшалардың көктемгі су тасқынына дайындығы бойынша ақпарат жинастырылуда.
Аумақтық ТЖД мәліметінше, Бірлік шағын ауданындағы №22 мектептің жертөлесіндегі суды соруға «Көкше-Тазалық» ЖШС атсалысқан.
- Су жертөлеге тартылған электр сымдарының саңылаулары арқылы аққан. Қазіргі уақытта судың ағуы тоқтатылды, - деді ведомстводан.
Дереккөз: Kaz.inform.kz