ШҚО құтқарушылары көлігі мұз астына батып кеткен балықшыларға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
27 қараша кешкі сағат 20:25-те ШҚО Төтенше жағдайлар департаментіне көлігі Бұқтырма су қоймасында мұз астына батып кеткен балықшылар туралы хабар келіп түсті. Күршім ауданының құтқарушылары оқиға орнына – құтқару стансасынан 15 шақырым қашықтықтағы Алғабас ауылына барды. Түнгі уақытта зардап шеккендерді іздеу қиынға соқты.
Дегенмен, оларды іздеу барысында дауыс зорайтқыш қолданылып, соның арқасында балықшылар табылды. Зардап шегушілердің жағдайы ойдағыдай болғандықтан, олар эвакуациядан бас тартты.
Су қоймасындағы мұз қалыңдығы 5-7 см екені анықталды. Ол көлікті көтере алмаған.
Оқиға жағалау маңында болған, сондықтан көліктің тек бір бөлігі ғана су астында қалған. Құтқарушылар мен жағадағы басқа балықшылар көлікті шығарып алды. Кейін зардап шегушілер Күршім ауылына дейін жеткізілді.
«Біз қараша айының басынан бері балық аулайтын орындарды аралап, балық аулау кезіндегі негізгі ережелерді түсіндіріп жүрміз. Аралайтын аумақ өте үлкен. Күршім өткеліне дейінгі аумақ 36 шақырымды қамтиды. Қазіргі уақытта 100 адаммен әңгімелестік. Қайғылы оқиғаларды мысалға келтіріп, нұсқаулық таратып жатырмыз, бірақ соған қарамастан адамдар мұз айдынына бара береді. Жеңіл автомобильді қалыңдығы 20 см асатын мұз қабаты ғана көтере алады, сондықтан күзгі мұз өте қауіпті екенін тағы да еске саламыз», - деді ШҚО ТЖД өрт сөндіру қызметі 9-жасағының басшысы Талғат Нұржанов.