Алматыда көпқабатты үйден өрт шығып, бір адам қайтыс болды

22.10.2020 21:34

Өрт туралы хабарлама 21 қазанда түнгі сағат 22:50-де түсті

Фото: ашық дереккөзден


Алматыда тұрғын үйде шыққан өрттен бір адам көз жұмды. Медеу ауданындағы көпқабатты үйде тұтанған тілсіз жау 44 жастағы әйел адамның өмірін жалмады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Лезде лап берген жалынды көрген жергілікті тұрғындар бірден көмек шақырған. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға кеше түнгі сағат 22:50-де орын алған. Өрт сөндіру бригадасы терезелерден қою қара түтін шығып жатқан тұрғылықты жерге тез арада жетіп, тұрғындарды көшіріп бастаған. Құтқарушылар, 53 жастағы екінші әйелді жетінші қабаттың терезесінен саты арқылы алып түсіп, оның өмірін арашалап қалған. Ол бірден ауруханаға жеткізілді. Айта кетейік, тілсіз жаумен күресуге 24 жеке құрам және 8 өрт техникасы жұмылдырылған. Қызыл жалын 20 шаршы метр аумақты шарпыған.

«Оқиға орнына жеке тұрғын үйдің машиналарының шоғырлауына қарамастан, жедел арада 32 метрлік авто саты орналастырылып, өрт сөндірушілер ашық отқа жіберіліп, көмек сұрап тұрған әйелді құтқарып қалды. Жанып жатқан пәтердің есігі бірнеше құлыпқа жабылған болатын. Оның металдан жасалынған қалыңдатылған есігі арнайы авариялық құтқару құралдарымен ашылды», – деді қалалық ТЖД баспасөз хатшысы Гүлдана Нұрымбетова.