Алматыда автокөлігімен аялдаманы соғып, 2 адамды өлтірген жүргізуші мас болған

nur.kz
nur.kz
Марқұмдардың белі үзіліп, аяқтары сынған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы аялдамада болған жол апатынан тағы бір адам көз жұмды. Осыған дейін жантүршігерлік оқиға салдарынан 30 жастағы бойжеткеннің қайтыс болғаны хабарланған еді. Кеше ауруханада жатқан тағы бір келіншектің көз жұмғаны мәлім болды деп хабарлайды Almaty.tv.

Марқұм тілге келмей жан тапсырыпты. Есте болса, қанды оқиға сенбі күні Тәттібеков пен Коперник көшелерінің қиылысында тіркелді. Мас күйінде Toyota көлігін тізгіндеген жүргізуші тас жолда жеңіл көлікке соқтығысады. Артынша, аялдаманы қиратып автобус тосып тұрған үш адамды қағып кеткен. Соққының ауыр болғаны сонша, көлік қаққан екі әйелдің де белі үзіліп, аяқтары сынып кеткен. Ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген науқастар бірінен соң бірі жан тапсырды.

Ал, апаттан аман қалған аялдамадағы үшінші адамның жағдайы қазір орташа ауыр. Миы шайқалып, тобық сүйегі сынған Манатбек Тобжанов осы уақытқа дейін мас жүргізушінің туыстары алдына кешірім сұрап келмегенін айтты. Ол ащы суға сылқия тойып, жазықсыз жандарды құрбан еткен адамға барынша қатаң жаза беруді сұрап отыр.

«Аялдамаға келгеніме бір минут болған жоқ. Бір қарағанымда жеңіл көлік ұшып келе жатыр екен, секіріп үлгергенім жоқ, ойбайладым да қалдым. Бір келіншек айналып келді де, жаныма түсті. Екі аяғы кесіліп қалған», - деп еске алады сол сәтті Манатбек ТОБЖАНОВ.

«Науқастың екі аяғы да тобық тұсынан шытынап сынған, қазір жағдайы қалыпты. Шамамен екі айдан соң жүруіне болады. Жазылған соң денсаулығына күтім қажет», - дейді Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы Травмотология бөлімінің меңгерушісі Владимир СЕМЕНОВ.

Мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізушіні полицейлер сол күні қолға түсірді. Ол бұрын сотты болмаған, Алматының 31 жастағы тұрғыны екен. Қазір жантүршігерлік оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Жол ережесін бұзып, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкелген апат жасаған күдіктінің кінәсі ділелденсе, ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

«Тізгіндегі ер азамат орташа дәрежеде мас күйінде болғанын сот-наркологиялық сараптама анықтады. Қылмысы дәлелденсе 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көрсетілген. Жол апатын мас күйде жасағаны жазаны ауырлата түседі», - дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Новости партнеров