Оралда өзінің бес жасар қызын буындырып өлтірген әйел қылмыстық жазадан босатылды. Өйткені 36 жастағы қала тұрғынының есі дұрыс емес деп танылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Мой Город" басылымына сілтеме жасап.
Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты әйелді психиатриялық емдеу мекемесіне жатқызу туралы шешім шығарыпты.
Қайғылы оқиға 2018 жылдың желтоқсан айында болған. Баласының еркелігіне шыдамаған әйел оны алқымынан алып, қылқындыра бастапты.
"Психикалық дертке шалдыққан азаматша қызының мойнын екі қолымен 10 минут қылқындырған. Қыз сол сәтте көз жұмыпты. Айыпталушының анасы ең алғаш қызының бойындағы ауытқушылықты 17 жасқа келгенде байқаған. Ол өзімен-өзі сөйлесіп, ыржыңдай бастапты, жыл өткен сайын оның бұл жағдайы ушыға түскен. Сотқа тартылған әйел жағдайына байланысты ем қабылдамаған, бұған қоса ол еш жерде тіркеуде тұрмаған",- деді судья Бақыт Ермахан.
Баласына қол жұмсаған әйел қылмыстық жазадан босатылып, күштеп психиатриялық орталыққа жатқызылады.
Айыпталушының анасы соттың бұл үкімімен келісетіндігін жеткізді.