Олардың денесі әлі табылған жоқ
Атырауда екі жасөспірім Жайық өзеніне батып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, оқиға 13 маусымда кешкі мезгілде болған.
«Кеше Атырау қаласының іргесіндегі Геолог елдімекенінің тұсында бір топ жасөспірімнің Жайық өзеніне шомылуға барғаны анықталды. Олар өзеннің шомылуға тыйым салынған белгі орнатылған жерінде суға түскен. Сол кезде 2007 және 2008 жылы туған жасөспірімдер суға батып кеткен», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Құтқарушылар кешеден бері суға батқан ағайынды балаларды іздестіріп жатыр. Әзірге нәтиже жоқ.
Бүгін, 14 маусымда іздестіру жұмыстары қайта жалғасты.
Бұдан бұрын Атырау облысы су айдындарында шомылуға қауіпті 70 учаске бар екенін хабарлаған болатынбыз. Атырау қаласында – 17, Индер ауданында – 10, Махамбетте 19 19, Құрманғазыда – 2, Жылыойда – 7, Қызылқоғада ауданында 15 қауіпті учаске бар. Қауіпті учаскеде 238 тыйым салу белгісі мен 9 ақпараттық стенд орнатылған.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Асқат Ержановтың мәліметінше, былтыр су айдындарында 20 адам көз жұмған. Оның ішінде 8 кәмелетке толмаған бала бар. Шомылу маусымы кезінде 13 адам құтқарылды.
Ал биыл басынан суға батуға байланысты 8 дерек тіркеліп отыр. Су айдындарынан 4 адам құтқарылған. Соңғы бір аптада 4 адам ажал құшты.