Бұл жолы оқиға Әуезов ауданында орналасқан екі қабатты тұрғын үйде орын алған. Алдын-ала болжам бойынша, пропан ақырындап ауаға жайыла бастаған. Күйік алған ер адамның хәлі мүшкіл көрінеді. Дәрігерлер жағдайы ауыр деп отыр. Қазір оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр. Ал, кеше Жетісу ауданында болған жарылыстан қатты күйік шалған 3 адамның бірі бүгін көз жұмды. Тағы бірінің хәлі өте ауыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Төтенше жағдай таңертең Сәдуақасов көшесіндегі жеке үйдің ауласында орын алған. ТЖ департаментінің хабарлауынша, үй иесі абайсызда тамақ пісіремін деп, газды қосулы тастап кеткен. Соның салдарынан газ баллоны жарылған. Нәтижиесінде ер адам денесінің 51 пайызын күйік шалған. Жарылыстың шығу себебі- газ ауаға жиналып, артынша тамақ пісіретін плитаның оты жағылуынан болған. Оқиға орнына келген инспекторлар ұзақ уақыт жеке тұрғын үй аумағына кіре алмаған болатын.
«Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері қарастырылуда. Бұл – газ құралдарын пайдаланудағы өрт қауіпсіздігі ережелерін дұрыс орындамаудың салдары. Яғни, зардап шегуші ауада газдың жиналып қалғанына қарамастан тамақ пісіретін плитаны қайта қосуға тырысу әрекеті еді. Жиналған газ бен оттың тұтануы нәтижиесінде жарылыс орын алған», - деді Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі Гүлдана НҰРЫМБЕТОВА.
Қазіргі уақытта жарылыс орын алған үйде анықтау жұмыстары жүрігізіліп жатыр. Оқиға орнынан зардап шеккен ер адамды жедел жәрдем қызметі тез арада номері 4-ші қалалық клиникалық емханаға жеткізген болатын. Жарылыс салдарынан үй иесінің денесінің жартысы күйіп қалған. Дәрігерлердің айтуы бойынша, науқастың жағдайы ауыр.
«Зардап шегуші дене мүшелерінің 51 пайызын термикалық күйік шалуына байланысты қатты шок алған. Қазіргі таңда реанимациялық бөлімде жатыр. Нақты диагнозы – бірінші дәрежелі аралас күйік. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр», - деді Алматы қаласы № 4 ауруханасы күйік бөлімінің аға ординаторы Елдос ӘЛМЕНОВ.
Айта кетейік, осындай қайғылы жағдай бұған дейін де Жетісу ауданында болған. Ол кезде жер үйде газ баллоны жарылған болатын. Зардап шеккен 3 адамның біреуі бүгін ауруханада көз жұмды. Қатты күйік алған 2 науқас әлі де ауруханада ауыр халде жатыр. Бұл да, газға қатысты техникалық ережелердің дұрыс орындалмауына байланысты орын алған еді.