Қария жеңіл күйікпен ауруханаға жеткізілген
Францияда шыбын өлтірмек болған 80 жастағы зейнеткер өз үйін жарып жіберді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Ер адам кешкі асын дайындап жатқанда үйінде шыбын ызыңдап жүргенін байқап қалған. Сол сәтте ол электр шыбын өлтіргіш құралын алып, шыбынды қуа бастаған.
The Mirror басылымының хабарлауынша, тап сол мезетте тұрғын үйдегі газ баллоннан ақау шыққан. Оны аңғармаған зейнеткер қолындағы құрылғыны жәндікке қарай сермегенде, электр шыбын өлтіргіштің ұшқыны жарылысқа себеп болған.
Жарылыстың күшті болғаны соншалық, жер үйдің ас бөлмесі қирап, шатырдың едәуір бөлігіне зақым келген.
Қария жеңіл күйікпен Либурн ауруханасына жеткізілген. Кейінірек үйі жөнделгенге дейін оның жергілікті лагерьге қоныстанғаны белгілі болды.