Жапонияда Хайшен тайфуны салдарынан 430 мыңға жуық үй жарықсыз қалды

07.09.2020 18:15

Жүздеген әуе рейсі, сондай-ақ теміржол байланысы тоқтады

inform.kz

Жапонияда «Хайшен» тайфуны салдарынан Кюсю аралында 430 мыңға жуық үй электр жарығынсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC агенттігіне сілтеме жасап.

Билік алдын-ала жағалаудағы қалалардан екі жүз мыңнан астам адамды эвакуациялау туралы бұйрық берді. Жапонияның батыс префектураларындағы зауыттар, мектептер, дүкендер, кәсіпорындар жабылды. Жүздеген әуе рейсі, сондай-ақ теміржол байланысы тоқтады. Сондай-ақ Ресейдің Приморье өлкесі мен Корея түбегінде де апатқа дайындық жүріп жатыр. 

Бірнеше күн бойы Жапонияның оңтүстік аралдарына қарай жылжып келе жатқан «Хайшен» тайфуны жексенбіде айтарлықтай күшейіп, Мәскеу уақытымен шамамен 13.00-де жағалауға жетті. 

Жапония метеорологиялық орталығының басшысы Йошихиса Накамото Хайшеннің өз күшін әлі де жоғалтпағанын ескертті. 

Ойпатты аудандарда, әсіресе өзен сағаларында, күшті су тасқыны болуы мүмкін. 

«Хайшен» - супертайфун, оның орталығындағы желдің жылдамдығы секундына 80 метрге немесе сағатына 290 км-ге жетеді. 

Ресейлік Приморьеде «Хайшен» дүйсенбі-сейсенбі күндері де болады деген болжам бар. Онда Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері жоғары дайындық режиміне көшкен. 

Бұл – соңғы аптада Жапонияда болған екінші күшті тайфун. 

Мұнда бірнеше күн бұрын «Майсак» тайфуны болған еді, бұл – аймақтағы соңғы жылдардағы ең қатты соққан дауылдардың бірі.