Полицейлер бағбандардың қолды болған бір миллион теңгелік сусорғысын қайтарды

10.02.2020 17:36

Ұрлық дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Sputnik Казахстан
6 ақпан күні Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті бағбандық қоғамның тұрғыны жалпы құны 1 200 000 теңге тұратын, барлық бағбандарды сумен қамтамасыз етіп отырған сусорғының қолды болғанын хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
Жедел-іздестіру шарасы барысында тәртіп сақшылары қылмысқа қатысы бар деген күдікпен еш жерде жұмыс істемейтін 19 және 24 жастағы жергілікті тұрғындарды ұстады. Із кесушілерге қолды болған сусорғыны тауып, оны заңды иелеріне қайтару үшін шамамен 3 сағат қана жетті. Алдын ала тергеу барысында күдіктілер сусорғының өте қымбат тұратынынан бейхабар болғандарын және оны металл сынықтарын қабылдау орындарына өткізу мақсатында алғандарын жеткізді.
Ұрлық дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.