Павлодарда өрт болған мектеп қысқа мерзімде қалпына келтіріледі. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың шұғыл отырысында осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Өңір басшысы өрт туралы хабар түскеннен кейін бірден оқиға орнына шығып, өрт сөндіру жұмыстарының барысымен танысты. Бұдан кейін Әбілқайыр Сқақов облыс әкімдігінде жауапты органдардың басшыларының есептерін тыңдады.
Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев №28 мектептегі өрт туралы хабарлама сағат 8:04-те келіп түскенін және өрттің сағат 10:15-те сөндірілгенін хабарлады.
"Тілсіз жаудың алдын ала себебі физика кабинетіндегі қысқа тұйықталу болуы мүмкін. Қазір келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр", - деді Жасұлан Жұмашев.
Облыс әкімі зардап шеккен мұғалімнің жағдайын сұрап, барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ қысқа мерзім ішінде дәстүрлі форматта оқу процесін қайта бастау мәселесін шешуді талап етті. Павлодар қаласының әкіміне мектеп шатырын тез және сапалы қалпына келтіруді тапсырды. Ол үшін облыс әкімінің резервінен қаражат бөлінеді. Төтенше жағдай департаментіне өңірдің барлық әлеуметтік нысандарына жоспардан тыс тексеру жүргізу міндеті қойылды.
Физика пәнінің мұғалімі қатты қорқып қалған. Кейін ауруханаға жатқызу кезінде мұғалімнің орта дәрежеде уланғаны анықталды.
Сонымен қатар өңір басшысы мектеп құрылысы мен жөндеу жұмыстарын қабылдау тәртібін өзгертуді тапсырды. Атап айтқанда, мектептерде шатырды, электр сымдарын және өрт қауіпсіздігін қабылдауды жалпы жөндеу жұмыстарынан бөлу, энергияны көп қажет ететін кабинеттер мен үй-жайларда кернеу тұрақтандырғыштарының болуын тексеру ұсынылады.
Отырыс соңында облыс әкімі өңір мектептерінің барлық персоналын өрт қауіпсіздігі ережелеріне оқытуды тапсырды.