СҚО-да су тасқынына байланысты жеті елдімекен жарықсыз қалды

Almaty.tv
Almaty.tv

Ауылға жылжымалы дизель генераторлар қойылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысында қазіргі уақытта екі ауданның 253 тұрғыны және 19 заңды тұлға электр қуатынсыз отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Солтүстік-Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ бас инженері Александр Елисеевтің айтуынша, Шал ақын ауданында «Марьевка – Жаңажол» жоғары вольтты электр тарату желісінде 100-ге жуық баған су астында қалды. Тағы 11-ін қатты ағыс пен мұз құлатты. Салдарынан 3 ауыл электр қуатынан шектелді. Қазіргі уақытта Жаңа жол елдімекенінде жағдай дұрысталды. Ауылға жылжымалы дизель генераторлар қойылды.

«Жаңаталап пен Кеңес ауылдарында да жұмыс жүргізіліп жатыр, жақын арада бұл екі ауылға да жарық беріледі. Есіл ауданында электр бағандарының су астында қалуына байланысты екі ауыл жарықсыз отыр. Қазір мұнда авариялық-қалпына келтіру бригадалары – 3 техникамен 11 маман жұмыс істеп жатыр. Сағат 16.00-ге дейін бұл ауылдарға электр қуаты беріледі. Николаевка елдімекенінде Береговая көшесін су басты, тұрғындар эвакуацияланды, қауіпсіздік мақсатында трансформаторлық қосалқы станцияны сөндіруге тура келді», - дейді Александр Елисеев.

Бас инженердің айтуынша, Есіл ауданы Жарқайың ауылына да су жақындап, тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылғандықтан, елдімекен қауіпсіздік мақсатында электр қуатынан ажыратылды.

«Кеше 2 ауданның 7 елдімекені жарықсыз қалған болатын. Қазір олардың саны біреуге қысқарды. Мамандар қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр, жолдарды су шайған, жету қиын.

Сағат сайын су басқан, су басу қаупі бар аумақтарға мониторинг жүргізіліп жатыр. Біз бүгін 24/7 режимінде жұмыс істеп жатырмыз», - дейді Александр Елисеев.

Бұған дейін СҚО-да өткен тәулікте 5 елдімекен тұрғындары эвакуацияланғанын айтқан едік.

Сондай-ақ Петропавлда су басу қаупі бар «Қызылжар су» кәсіпорны бөгеттерді нығайтып жатқанын хабарладық.

Новости партнеров