Алматы облысында жантүршігерлік жол апаты орын алды. Оқыс оқиға нәтижесінде көпбалалы ана қаза тапты. Анықталғандай, тағы үш жолаушы ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Жол-көлік оқиғасына тек бір көлік қатысқан, деп хабарлайды NUR.KZ.
Жол апаты 15 ақпан күні Алматы-Саты тас жолында орын алған.
Марқұм әйелдің туыстарының айтуынша, келіншек 53 жаста екен. Оның артында бес баласы қалған. Олардың екеуі әлі кәмелеттік жасқа толмаған.
Көлік ішінде тағы төрт адам болыпты. Олардың біреуіне оқиға орнында медициналық көмек көрсетіліп, ол үйіне жіберілген.
Қалған үшеуі түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Анықталғандай, марқұм әйел қаладан ауылға бара жатқан.
Бір уақытта тасжолмен келе жатқан көлік тайғанап, жолдың шетіне ұшып кетіпті. Нәтижесінде, оқиға салдарынан әйел адам дәрігерлер келгенше оқиға орнында жан тапсырған.
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Қазіргі таңда, Қылмыстық кодекстің 345-бабының үшінші тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
«Жүргізуші көлікті басқара алмай, нәтижесінде көлік жолдың шетіне ұшып кетті. Іс құжаттары Алматы облысы Полиция департаментінің анықтау басқармасына жіберілген», - деді департаменттің өкілдері.