Әйелдің айтуынша, араққа сылқия тойған жары тіпті туған қызын да зорлаған
20 жыл бойы маскүнем күйеуінен зорлық-зомбылық көріп келген Нұр-Сұлтанның 51 жасар тұрғыны Шолпан Көшербаеваның арызына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол кеше жұбайы мен қайын жұртынан көрген адам сенгісіз сұмдықтың бәрін журналистерге жайып салған еді. Айтуынша, 3 бірдей адамның өлімін өз көзімен көрген. Сол себептен де күйеуі мен қайын жұртынан қашып жүруге мәжбүрмін дейді.
Шолпан Көшербаева маскүнем күйеуі мен қайын жұртынан 20 жыл бойы зорлық-зомбылық көргенін айтады. Айтуынша, жолдасы оны күнде ұрып-соғып, ащы суды мәжбүрлетіп ішкізген. Қайың жұрты да соққының астына алып, тіпті денесін пышақпен жарақаттап, көзін қысқышпен күйдірген кездер болыпты.
«Оның тұрақты жұмысы болмады. Үйге үнемі үй-күйсіз жүрген кім көрінгенді алып келетін. Оларды алып келіп, бірге ішіп, ақшасын, киімін тартып алатын. Сосын мені, немесе туған қарындасы мен оның 4 жасар қызын зорлайды бәрі жабылып», - дейді қала тұрғыны Шолпан КӨШЕРБАЕВА.
«Төрт жасар немере қарындасын екі жасында арақ беріп, улап алған. Оны кейін ұрып-соққанын да көрген куәгерлер бар», - дейді белсенді Зейнеп ШАҒЫРҒАНОВА.
Шолпанның айтуынша, ащы суға сылқия тойып алған жары өзінің туған қызын да зорлаған. Маскүнемдікке салынып жүріп, тіпті үш бірдей адамды өлтіргенін айтады.
«Маскүнем достарының бірі Ерлан Қанапияновты соққыға жығып, өлтіріп алды. Ал, күдікті ретінде қылмысқа мүлде қатысы жоқ Тимур есімді жігіт тергеуге алынды», - деді қала тұрғыны Шолпан КӨШЕРБАЕВА.
Былтыр қазан айында Шолпан қашып құтылған. Бірден полиция департаментіне барып, басынан өткенін айтып берген. Алайда, адам сенгісіз сұмдықты тәртіп сақшыларына жеткізіп, арыз жазғанымен, қылмыстық іс қозғалмаған көрінеді.
«Кәмелетке толмағандарды зорлау, адам өлтіру сияқты ауыр және аса ауыр қылмыстар орын алды. Бірақ соған қарамастан, бүгінге дейін полиция департаменті де, прокуратура да еш шара қолданбаған. Тіпті қылмыстық іс те қозғамаған», - дейді қорғаушысы Талас САҒЫМБАЕВ.
Полиция департаменті болса, керісінше, Шолпан Көшербаеваның соттан жалтарып жүргенін айтады. Ал зорлық-зомбылық көрсетілгеніне байланысты арызды азаматша тек 14-қаңтар күні жазғанын жеткізді.
«Басты куәгер – Шолпан Көшербаева. Бастапқыда бәрі қалай болғанын жіті айтып берді. Кейін онысынан танып шыға келді. Соттың шақыртуларына бірнеше рет келмеді. Осы орайда оны алып келу туралы қаулы шығарылды. Бұған қоса, көзі көрмейді. Осы факт бойынша сот-медициналық сараптама тағайындадық. Алайда, одан бұлтарып жүр. 14 қаңтар күні одан күйеуінен зорлық-зомбылық көріп жүргенін жазған арыз келіп түсті. 110-бап бойынша тергеу жүргізіліп жатыр», - деді қалалық полиция департаменті тергеу басқармасының басшысы Нұрлан ӘБІШЕВ.
Қазір жәбірлеу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда, куәгер әйелі мен қорғаушысы педофилияның орын алғанын да алға тартып отыр.
Еске сала кетейік, былтыр балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық аса ауыр қылмыстар санатына өтті. Бала зорлағандар темір торға өмір бойы қамалады деген заңға Мемлекет басшысы қол қойғанын еске сала кетейік. Енді, аталған іске сот нүкте қоймақ.