Өңірде желдің екпіні секундына 30 метрге дейін күшейіп кетті
Жамбылда жойқын жел тұрып, Тараз қаласындағы мыңдаған абонент жарықсыз қалды. Боз боран аудандарға барар жолды жауып, тұрғын үй мен мектеп шатырларын ұшырған. 40-тан аса адам медициналық көмекке жүгінді. Дауылдың қатты болғаны соншалық жүк көліктерін де аударып тастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түннен бері тараздықтар үрей құшағында отыр. Себебі жылдамдығы секундына 38 метрге жететін жел жолындағының бәрін жайпап тастаған. 16 мектеп пен 18 көпқабатты үй, 4 балабақшаның шатырын қиратқан. 12 аялдама бүлініп, кейбірі аударылып жатыр. Көліктерді ағаш басып, желілер үзілген. Қауіпті жағдайға байланысты қалада мектептер жұмысы тоқтатылып, онлайнға көшкен.
«Қай жерде қатты жел соғып, қауіп болса, сол білім беру мекемесі шешім қабылдап, екінші ауысымдағы балаларды сабақтан босатып, онлайн форматта оқытып жатыр», – деді Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов.
Жойқын желдің салдарынан шығын көлемі сәт санап артып жатыр. 18 бағана құлап, салдарынан 1,5 шақырым электр желісі үзілген. Сол себепті қаладағы 14 мыңға жуық абонент жарықсыз қалды. Сорақысы сол, желіге қосылған 5 жылу қазандығы тоқтап қалған.
«Тараз қалалық электр жүйелері мекемесінен 21 бригада шығарылып, 200-ге тарта адам 30-ға жуық техникамен әлі күнге дейін жұмыстарын жасап жатыр. Таңғы сағат 4.30-дан бастап жұмыстарын жасап жатыр. Ары қарай да 24 сағат жұмысын істейтін болады. Бұл жұмыстарды аяғына дейін толығымен жеткізетін боламыз», – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев.
Жалпы 49 адам түрлі жарақатпен медициналық көмекке жүгінген. Оның арасында 4 бала бар. Қазір үшеуі стационарда ем алып жатыр. Дәл осы жағдай Сарысу, Талас, Жуалы аудандарында да болып жатыр. Қуаты күшті жел кейбір жүк көліктерін де аударып тастаған. Ал қар түскен аймақтарда жолға шығу мүмкін емес.
Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан