Куәгер оқиға орнына дереу жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін шақыртқан
Қала арықтарының бірінен жаңа туылған нәресте табылды. Райымбек даңғылы бойында жатқан сәбиді сол маңдағы жолаушы ер адам байқап қалған. Онда дереу полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем шақыртылды. Баланың туыстары анықталды ма? Оның денсаулығы қалай? Жаға ұстатарлық жайттың анық-қанығын Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай біліп қайтты.
Шамамен түнгі он екі жарым шамасында балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына арықта жатқан нәресте туралы қоңырау келіп түскен. Сәби бірден осында жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша қазір баланың денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Жалаңаш күйінде табылған баланың дене температурасы төмендеп кеткен. Онда қанша уақыт жатқаны да белгісіз. Дәрігерлер нәрестені бірден жан сақтау бөліміне жатқызып, медициналық көмек көрсеткен. Дене қызуы қалпына келген соң сәбидің ағзасы толықтай тексеріліп, денсаулығынан ешқандай ақау табылмапты.
«Ол баланың жағдайын қалпына келтірдік. Енді ол баланы әрі қарай екінші қалалық балалар ауруханасына ауыстырамыз. Ол жерде емделіп жазылғаннан кейін, сәбилер үйіне өткізіледі», – деді Қалалық балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының бөлім меңгерушісі Тоқтар Құрметбек.
Ұл бала уақытына жетіп туылған, бойы 54 см, салмағы 3200 грамм. Жаңа ғана жарық дүние есігін ашқан сәбидің кіндігі де дұрыс кесілмепті. Қазіргі уақытта баланың анасын не туыстарын іздеу жұмыстары жүргізілуде.
«Бала күтімі мен денсаулығын бақылау үшін ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда Алмалы ауданы полиция жанындағы бөлімі қазіргі таңда баланың биологиялық анасының орналасқан жерін анықтау және оны полицияға тапсыру үшін жедел іздестіру жұмыстарын жүргізуде», – деді қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
Психолог маман әйелдің өз өміріндегі қиындықтарға баланы кінәлаған болуы мүмкін дейді. Оның айтуынша, баланың анасы табылғаннан кейін, ол бірден психиатр дәрігерге қаралуы керек.
«Қыз баланың кішкентай кезінде ата-анасынан қолдау таппаған болуы мүмкін. Мұндай бала айналасындағыларға деген үлкен ренішпен өседі. Ол әйел адамның ер азаматы біраз қиындық тудырған шығар. Ата-ана тарапынан да қолдау болмаған. Мен солай ойлаймын», – деді Қалалық психологтар қауымдастығының президенті Владимир Стеблянко.
Полиция қызметкерлері оқиғадан қандай да бір хабары бар куәгерлердің басқармаға хабарласуын сұрайды. Кез келген ақпарат маңызды дейді олар.
Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы