|
Jol
25.04.2020 | 12:59
5174

Өрт әлі сөндіріліп жатыр: ШҚО-дағы орман өрті 2 мың га аумаққа таралды

Облыста 60-тан астам өрт ошағы тіркелген

Өрт әлі сөндіріліп жатыр: ШҚО-дағы орман өрті 2 мың га аумаққа таралды ШҚО ТЖД / ДЧС ВКО

Өңірде қалыптасқан құрғақ және ыстық ауа-райы, сондай-ақ қоқыс пен былтырғы шөпті өртейтін азаматтардың жауапсыздығынан облыста 60-тан астам өрт ошағы тіркелген. Сондай-ақ, ауданы 280 га 1 дала өрті және 2000 га астам ауданда 2 орман өрті тіркелді, оның ішінде Бесқарағай ауданындағы «Семей орманы» табиғи резерват аумағында әлі сөндіріп жатыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Онлайн режимде өткен брифинг барысында ТЖД Зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасы бастығының міндеті атқарушы Алексей Штыкель облыстың барлық аудандарында өрт сөндіру бөлімшелерінің тәулігіне 50 рет шығып, оттың үлкен аумаққа таралуының алдын алып жатқанын айтты. Өрт шыққан учаскелердің кейбірі өрт сөндіру бөлімдерінен шалғайда орналасқан, жылдам сөндіруде қиындықтар туындап отыр. Облыста бүгінгі таңда 25 ерікті топ бар. Олардың құрамында 2670 адам, 62 өрт сөндіру және 305 бейімделген техникасы бар, сондай-ақ мотопомпа, аспалы өрт сөндіргіш сияқты 3000-нан астам өртке қарсы құрал-жабдық бар. 

«Құтқарушылар күнделікті отпен арпалысып жатыр. Шешек аумағында да алапат өрт  болды. Сондай-ақ Бесқарағай ауданында қазіргі таңда ШҚО ТЖД және «Семей орманы» МОТР, «Ертіс орманы», жергілікті атқарушы органдардың күшімен 23 сәуірде басталған орман өртімен күрес жалғасуда. Оған 300 адам мен 85-тен астам техника, сондай-ақ су құятын құрылғысы бар Борт МИ-8 жұмылдырылған. Алдын ала болжам бойынша өрт аумағы 2000 га құрайды», - деді «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығының орынбасары Азамат Мұқашев.

Ал Алексей Штыкель Шығыс Қазақстан облысындағы жағдайды тұрақтандыру үшін құрамына ТЖ қызметі, жергілікті атқарушы органдар, полиция және орман мекемелері кіретін арнайы мобильді топтардың құрылғанын айтты.

«Облыста 40 бірлескен топ құрылған, адам саны 309. Рейдтік шаралар барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 13 адамға ҚР ӘҚтК 336-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды», - деп атап өтті Алексей Штыкель.

Ол сондай-ақ, жауапсыз адамдардың отты бақылаусыз тастауынан Өскемендегі үйлердің өртеніп кетуіне әкеп соққан мысалдарына тоқтала келе, тұрғындарға саяжай үйлеріндегі шөпті өртемей, былтырғы қалған шөптерді уақытында жұлып, шауып, жинауды және қоқысты арнайы орындарға апаруды ұсынды.

«Алдағы аптада өрт жағдайы бойынша қолайсыз ауа райы болмақ, яғни күн ысып, құрғақ болады. Жағдайды бақылауда ұстап, өрттердің алдын алу бойынша барлық шараларды қабылдап жатырмыз», - деді Алексей Штыкель.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир