Балалар үйіне көрші тұратын тұрғындар дабыл қақты: олар балалардың үнемі жылап, айқайлайтынын айтты
Тараздағы "Үміт" балалар үйінің тәрбиешісіне балаларға қатыгездік танытты деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Дүйсенбі, 7 қазан күні желіде жаға ұстатарлық видео жарияланды. Видеода әйелдің балаларға қатыгездік жасағанын байқауға болады. Ол "Үміт" балалар үйінде жұмыс істейтіні анықталды, деп хабарлайды Sputnik.
Әйел балаларды ұрып-соғып, оларға орындыққа отыруға рұқсат бермей жатқанын, ал бағынбағандарды басын төмен қаратып ұстап тұрғанын көруге болады.
Аталған мекемеге көрші тұратын куәгерлердің айтуынша, балалар үйінің ауласынан тәрбиешілердің айқайы мен балалардың жылаған дауысы үнемі естіліп тұрады екен.
Балалар омбудсмені Аружан Саин Тараз қаласының білім, Денсаулық сақтау басқармалары мен Полиция департаментіне сұрау салды. Осыдан кейін әкімдік балалар үйінің ұжымымен кеңес өткізу үшін арнайы комиссия құрды.
"Облыстық денсаулық сақтау басқармасы полицияға сотқа дейінгі шаралар өткізу туралы арыз түсірді. Сол күні Жамбыл облысының департаменті балалар үйінің 54 жастағы тәрбиешісіне қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 140-бабының екінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады", - деп жазды Саин Facebook-те.
Тергеу барысында мекеме қызметкерлерінен жауап алынып, камералардан видеоматериалдар алынды. Қажетті сараптама тағайындалды. Сот шешімі шыққанға дейін тәрбиеші жұмыстан шеттетілді.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының "Үміт" мамандандырылған балалар үйі 1984 жылдан бері Тараз қаласында жұмыс істейді. Онда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға, жалғызбасты аналардың немесе ата-ана құқығынан айырылған азаматтардың балаларына, сондай-ақ ақыл-ой және физикалық дамуында кемістігі бар балаларға көмек көрсетіледі.
Қазір онда бес жасқа дейінгі 70 бала тәрбиеленіп жатыр, олардың 30% –мүмкіндігі шектеулі.