Ақтөбеде жол-көлік апаты болып, 6 адам көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оқиға 30-шілде күні сағат 23.30-да Самара-Шымкент тасжолында болды. Бұл - Ырғыз ауданы Қалыбай ауылының маңы.
«Хонда-Фит» маркалы автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі жолда қарсы бетке шыққан. Рульде Қырғызстан Республикасының азаматы болды. Салдарынан Ырғыз ауданының 33 жастағы тұрғыны басқарып келе жатқан «Лада-Ларгус» маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Лада-Ларгус» маркалы автокөлігінің жүргізушісі мен 4 жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар, «Хонда-Фит» автокөлігінің жолаушысы мерт болды. Сондай-ақ «Хонда-Фит» автокөлігінің жүргізушісі 30 жастағы жолаушымен бірге түрлі жарақатпен Ырғыз аудандық ауруханасына жатқызылды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Қазіргі кезде ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ақтөбе облысы Полиция департаменті көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Еске салсақ, бірер күн бұрын Ақтөбе облыстық ПД бастығы Абай Жүсіпов журналистерге арнайы брифинг өткізіп, шетелдік көліктердің жиі көлік апатына себепкер болатынын айтты.
Деректерге сүйенсек, жыл басынан бері облыста 60 адам жол-көлік апаты кезінде көз жұмды.