|
16.05.2020 | 13:07
7905

Алматыда тұрғын үй кешеніндегі өрттен ерлі-зайыптылар құтқарылды

Тұрғын үй кешені маңайындағы жеке көліктер өрт сөндірушілердің оқиға орнына өтуіне кедергі келтірген

Алматыда тұрғын үй кешеніндегі өрттен ерлі-зайыптылар құтқарылды стоп-кадр

Алматы қаласындағы «Гауһартас» тұрғын үй кешеніндегі өрттен ерлі-зайыптылар құтқарылды, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеше кешке Алматы қаласының ТЖД күштері мен құрылымдарына Бостандық ауданы Абай даңғылы, 150/230  мекенжайында орналасқан «Гауһартас» тұрғын үй кешеніндегі өрт туралы хабарлама түскен. 

Өрт сөндіру қызметі оқиға орнына 6 минуттың ішінде келіп, 17 қабатты тұрғын үй кешенінің 11-қабатындағы пәтерде жанып жатқанын анықтады.

Қою түтіннің салдарынан жоғары қабаттағы тұрғындардың өміріне қауіп төнген. Тұрғындарды құтқару және эвакуациялау үшін AЛ-37 өрт баспалдақтары орналастырылады.  Өрт сөндіру барысында 60 адам ғимараттан шығып үлгерген, бірақ  ғимараттың 11-ші қабатында тұратын тұрғындардың шығу жолдары жабылып қалғандықтан, олар көмек сұрай бастайды.  

«Өртті сөндіру кезінде 101 пультіне аталған тұрғын үйдің №154 пәтерінің тұрғынынан көмек сұраған қоңырау келіп түсті. Оның шақыртуының арқасында өрт сөндірушілер екі ересек адам мен 3 және 6 жастағы екі баланың өмірін сақтап қалды. Ашық жалын лафетті аралас өрт оқпанымен бірнеше  минуттың ішінде сөндірілді», - делінген хабарламада.  

Қабылданған шаралардың арқасында  30 шаршы метр аумақты қамтыған өрт жарты сағаттың ішінде жойылды. Өрт үш бөлмелі пәтердегі тұрмыстық заттар мен  жиһаздардың жануынан туындаған.

Өртті сөндіруге жеке құрамнан 70 адам, 18 бірлік техника, сондай-ақ Бостандық аудандық ПБ қызметкерлері жұмылдырылды.

Тұрғын үй кешенінің маңайындағы жеке көліктер өрт техникасының оқиға орын алған үйдің кіреберісіне өтуге кедергі келтіргенін айта кету керек. «109» Құтқару қызметінің эвакуаторлары өту жолдарын тез арада босатпағанда, тұрғындардың зардап шегуі және қайтыс болуы мүмкін еді.

Осыған байланысты Алматы қаласының ТЖ Департаменті адам өмірін арашалап қалу үшін жедел қызметтердің өтуіне кедергі келтірмеуді сұрайды.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир