Түркістан облысында дәмханада жарылыс болып, ауызашарға келген адамдар күйіп қалды

12.05.2019 18:15

Дәмхананың иесі біраз жылдан бері шаурма жасап сатумен айналысып келген

Түркістан облысындағы Сайрам ауданында ауызашар кезінде жарылыс орын алды. Газ балонының жарылуы салдарынан сегіз адам 19 пайыздан 90 пайызға дейін күйік алып қалған деп хабарлайды NUR.KZ.

Оқиға 9 мамыр күні болған. Анықталғандай, ауызашар өткен дәмхананың иесі мен оның 5 жарым жасар ұлы қатты күйіп қалды. Бүлдіршін аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәмхананың иесі біраз жылдан бері шаурма жасап сатумен айналысып келген.

Қазіргі таңда мамандар оқиғаның себеп салдарын анықтауда.

"Сайрам аудандық орталық ауруханасында сегіз адам жатыр. Оның үшеуінің жағдайы ауыр. Олардың арасында бес жасар бала бар. Алты адам жансақтау бөлімінде. Науқастарға барлық медициналық көмек толық көрсетілуде.

Олардың жағдайы бірқалыпты болған жағдайда науқастар Облыстық клиникалық ауруханаға ауыстырылады"-деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.