Тергеу-тексеру жұмыстары 6 айға созылған
Семейде көмір үшін талас кезінде ажал құшқан дзюдошы Жасұлан Әбиевтің өліміне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
6 айға созылған тергеу-тексеру жұмыстары нәтижесінде күдікті 25 жастағы Мәулен Марленов кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айрылды.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, 3-тармағы бойынша жауапқа тартылған Мәулен Марленовке қатысты іс 6 айға созылды. Сот оны 8 жыл орташа дәрежедегі түзеу мекемесінде жазасын өтеу туралы шешім шығарды. Сонымен қатар, 3 млн теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді», - деді №2 сотының судьясы Жанат Әбенова.
Еске сала кетейік, оқиға 2018 жылы 12 қарашада болған. Жасұлан «Қаражыра» көмір карьерінің сыртындағы көліктер кезегін реттеуші болып жұмыс істеген. Алайда кезекте тұрған азаматтар арасында жанжал туындап, соңы төбелескен ұласқан. Алған жарақатының салдарынан Жасұлан Әбиев оқиға орнында көз жұмған болатын.