Алматы облысының Қарасай ауданында қойма өртенді

20.09.2021 20:14

Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр

Әлеуметтік желіден

Бүгін таңертең Алматы облысының Қарасай ауданында қойма өртенді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көксай ауылындағы «Әмір» шаруа қожалығында болған өрттен зардап шеккендер жоқ. Десе де, 250 шаршы метр аумақтағы қамба ішінде сақталған құрылыс материалдары мен ауылшаруашылығы техникаларының дөңгелектері күлге айналды.

Айта кетейік, Төтенше жағдайлар департаментіне жалынның шарпуы туралы хабарлама сағат 10:00-де түсіп, 18 шақырымдық арақашықтан құтқару қызметі оқиға орнына 33 минутта жеткен.

«Өрт 10:50-де өшірілді. Өрттің шығу себебі анықталуда. Зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД және Алматы қаласы ТЖД 26 қызметкері мен 5 техникасы жұмылдырылды», - деді Алматы облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ерсін Жағыпаров.