Кеден қызметкерлері тауарларды Қытайдан Өзбекстанға кедергісіз өткізуге көмектескен
Алматы және Түркістан облыстарындағы кеден бекеттерінің 20-дан астам қызметкері пара алды деп айыпталып жатыр, деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысындағы «Нұр Жол», «Қалжат» және Түркістан облысындағы Қонысбаев атындағы кеден бекеттерінің кедендік, фитосанитарлық, ветеринарлық және көліктік бақылау қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
«20-дан аcтам қызметкер Қытай Халық Республикасынан Өзбекстанға тауарды кедергісіз өткізу үшін сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан бопсалау жолымен пара алды деп айыпталуда. Тінту барысында қылмыстық жолмен келген ірі көлемде шетел және ұлттық валютадағы қаражат тәркіленді», - делінген хабарламада.
Бүгінде күдікке ілінген 3 адам сот санкциясымен қамауға алынды, қалғандар кінәсін толық мойындағандықтан, бас бостандығынан айрылмайды.