Балабақшада тәрбиеші балаларды ұрып-соққан: Алматы полициясы қылмыстық іс қозғады

04.05.2019 18:32

Алматыда балаларды ұрған №37 балабақшаның тәрбиешісі қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда тергеу жұмыстарымен Алатау аудандық полиция басқармасы айналысып жатыр.

«Полицияға баланың анасы өткен түні арызданды. Бұл дерек ҚР ҚК 140 бабының 2-бөлімімен сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне тіркелді. 35 жастағы тәрбиеші қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жақын арада іс материалдары сотқа жолданады», - деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Айта кетейік, 2 мамырда болған оқиғаның видеосы әлеуметтік желіге тарап кетті. Бейнекадрда ересек әйел 3-4 жас шамасындағы баланы жатын бөлмеден сүйреп шығып екінші бөлмеге апарып аяқ киіммен ұрғаны түсіп қалған. Артынан төсегіне жатып ұйықтай қоймаған екінші баланы да ұрып жатқаны көрінеді. Бұған дейін балаларға қол көтерген №37 балабақша тәрбиешісі жұмысынан шығарылғанын хабарлаған болатынбыз.