Тұрғындар айналма жол арқылы қатынауға мәжбүр
Қызылорда облысы Арал ауданында қарғын су жолды шайып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өндірістік мақсаттағы жер «Бозой-Шымкент» газ құбырына қарасты. Сондай-ақ апат болған аумақ шалғайдағы Қосаман, Ақкеспе, Ақбасты елдімекендеріне апарар төте бағыт болған. Енді Сексеуіл кенті арқылы бірнеше ауылға барар жол үзіліп, тұрғындар айналма жол арқылы қатынауға мәжбүр.
Айта кетейік, мамандар «магистральдық газ құбыры бойынша барлық нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр» дейді. Кенттегі өзге автожолдар мен сол маңдағы шаруашылықтарды су басу қаупі де сейілген.
– Аталған жағдай бойынша жергілікті әкімдіктен, төтенше жағдайлар бөлімінен тиісті мамандар жіберіліп, жауын-шашын, қардың еру салдарынан бес жерден жолды су шайып кеткен. Жағдай тұрақты, газ беру процесіне ешқандай қауіп жоқ. Аймақ автомобиль жолы болып есептелмейді, қосымша айналма жол бар. Қарғын су тоқтатылды, жолды су басқан дерек тіркелген жоқ, – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Түйменов.
Оқи отырыңыз: Айналма жолдың әлегі: жүргізушілер «ҚазАвтоЖол» өкілдеріне үндеу жасады