Ақтөбеде жедел жәрдем мен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам мерт болды

12.03.2021 18:33

Қазір үш науқас ауруханада жатыр

ДП Актюбинской области

Ақтөбе-Атырау тасжолында жедел жәрдем мен жеңіл көлік соқтығысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақтөбе-Атырау тасжолында «Honda CRV» автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі Ақтөбеден Қандыағаш қаласына бар жатқан кезде Мұғалжар ауданы, Ақкемір кентінің маңында жолдың қарсы бағытына шығып кеткен.Ол алдын ала болжам бойынша Темір аудандық ауруханасының жедел жәрдем көлігімен соқтығысқан. 

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Honda CRV» автокөлігінің 54 жастағы жолаушысы Қандыағаш қаласының орталық ауруханасында көз жұмды. «Honda CRV» көлігінің жүргізушісі мен «УАЗ» жедел жәрдем автокөлігінің медбикесі аудандық ауруханаға жатқызылды», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 

Мұғалжар аудандық ауруханасының бас дәрігері Мейржан Кенжебаевтың айтуынша, қазір үш науқас ауруханада жатыр. 

«1992 жылы туған науқас бас-ми жарақатын алды. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Ол есін білмейді. Санавиация шақырылып, бірден нейрохирургтер қарады. Сонымен бірге 1962 жылы туған науқас да түрлі дене жарақатымен түсті. Ол жедел жәрдем қызметкері. Бүгін Ақтөбе қаласына жеткізу жоспарда бар. Сонымен бірге 1992 жылы туған науқастың да жағдайы жақсы. Ол ем алып жатыр», – деді Мейржан Кенжебаев.