2001 жылы туған М. есімді азаматтың 2019 жылдың ортасынан бастап Instagram желісінде ақша көбейтуге бағытталған парақшаны басқарып жүргені белгілі болды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол желі қолданушыларын «Ең төменгі жарна ретінде 25 мың теңге салсаңыз, 310 мың теңгеден бастап одан да жоғары табысқа жете аласыз» деп сендірген.
«Оның сөзіне сенген «клиенттер» парақша әкімшісі көрсеткен KIWI-әмиянға ақша жіберіп, спорттық жарыстарға төлем жасау арқылы капиталын ұлғайтуы тиіс болған. Оның айтуынша, матчтар туралы ақпарат толық келтірілген және жеңіске жетуге 100% мүмкіндік те бар, тек салым жасау қажет. 19 жастағы қаскөй аудиохабарламалар жасап, кепіл ретінде басқа адамның құжаттары мен фотосуретін жүктеген. Бір қызығы, оның құрбандары еш күдіктенбестен, бірден сенім білдірген. Желі қолданушылары тегін ірімшіктің тек қақпанда болатынын ұмытып, тезірек ақша көбейтуді ғана ойласа керек. Олар М. мырзаның KIWI-әмиянына түрлі мөлшерде қаржы аударған, алайда бірнеше минуттан кейін онымен байланысқа шыға алмай қалған. Қазіргі уақытта күдікті М. қамауға алынды. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді Алматы қалалық ПД криминалдық Полиция басқармасының басшысы Еркін Іңкәров.