«Қаржы пирамидасы» алаяқтарының бірі ұсталды

02.07.2020 18:48

Тергеу барысында полиция қызметкерлері ұсталған адамның барлығы 11 алаяқтық дерегіне қатысы барын анықтады

zakon.kz

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды алдап, қаржы пирамидасына ақша салдыртқан алаяқты ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Сарыағаш АПБ–нің кезекші бөліміне 10-нан астам жергілікті тұрғындар алаяқтық бойынша арыз түсірген. Жәбірленушілердің айтуынша, өткен жылдың наурыз, мамыр айлары аралығында өздеріне жақсы таныс емес әйел сенімдеріне кіріп, бонустық жобаға тіркеп беремін, қосымша табыс табасыздар деп көндіріп, қаржы пирамидаларының біріне ақша салдыртып, соңында жоқ болып кеткен. Бір жыл бойы сандалған тұрғындар осы іс бойынша аудандық поицейлерден көмек сұрайды. Аталған жайт Сарыағаш АПБ–не ҚР ҚК–нің190-бабы “Алаяқтық” бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды.

Орын алған қылмысты ашып, тұрғындарды сан соқтырған әйелді ұстау мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлерден жедел–тергеу тобы құрылды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктіні ұстады. Ол бұрын сотты болған, жергілікті тұрғын болып шықты.

Тергеу барысында полиция қызметкерлері ұсталған адамның барлығы 11 алаяқтық дерегіне қатысы барын анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 3,5 миллионға жуық теңгені құрады.

Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің басшарасы қолхатпен босатылды.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға қаржы мәселелерін шешуге күмәнді көмек ұсынатын бейтаныс адамдарға мұқият болу және артық сенімсіздік көрсетпеу қажеттігін ескертеді. Егер осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда «102» телефоны бойынша полицияға хабарласу қажет.

Теги: мошенница