Алматыдағы лай көшкіні: көз жұмғандардың саны артты

08.02.2024 18:49

ТЖМ психологтары туыстары мен көршілеріне шұғыл психологиялық көмек көрсетуде

МЧС РК

Алматының таулы аймағында лай көшкіні жүріп, үйінді астында қалып көз жұмған бүтін бір отбасы мүшелерінің денесі табылды. Таңертең оқиға орнына қала әкімі Ерболат Досаев та келіп, шұғыл көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құтқару қызметі мен төтеншеліктер апат орнында жұмыс істеп үйде қалған 4 адамның мәйітін сыртқа алып шықты. Үйінді астында қалған 4 адамның денесі сыртқа шығарылды. Олар: 40 жастағы отағасы, оның жолдасы 44 жаста және 2007 жылғы екі егіз бала. Қазір техногенді апат болған жерде аумақты тазалау жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар үшін білікті құтқару қызметі мен бірнеше ауыр техника тартылған. Мамандар тазарту жұмыстары, адамдарды іздестіру өте қиынға соққанын айтады. Себебі опырылып түскен үйдің әйнегі, арматуралар мен құбырлар жұмыс істеуге қиындық туғызған. Қаза болған отбасының туыстарына қазір психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

– Өте жақсы отбасы еді. Қуанышта да, қайғыда да бірінші болып көмекке келетін, ұйымшыл болатын. Бұл отбасы туралы ешкім жаман сөз айтпайды. Үлкен ұлы менің баламмен бірге Мәскеуде оқиды, – деді досы Сергей Тимофеев.

– «Айша, жер сілкініп жатыр деп» маған хабарласты. Киініп келсем, мына үй төңкеріліп жатыр. Сағат 06:00-ге дейін  жүрдік, – деді көршісі Айша Ерманова.

Апат түнгі сағат 2:30-да Медеу ауданына қарасты «Тау-самал» ықшамауданында болған. Лай көшкіні салдарынан бір үйді топырақ басып қалған. Ал жанындағы екінші үй жартылай зақымдалған. Сондай-ақ аула сыртындағы бірнеше жеңіл көлікті жарамсыз болып қалған. Оқиға орнына қала әкімі Ерболат Досаев та келді. Қала басшысы бүлінген ғимараттарды аралап, шұғыл көшпелі кеңес өткізді. Оның тапсырмасы бойынша болған оқиғаның себебін тексеру және лай көшкіні салдарын жою бойынша арнайы топ құрылған.        

– Сағат 3:00-ден бастап Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, аудан әкімшілігі, қалалық қызметтердің барлығы жиналып, жұмыс істеп жатыр. Үйінен көшірілген көршілері №47 мектепте түнеді. Қазір олар туысқандарының, ағайындарының үйіне кетті, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қайтыс болған отбасының туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Қала басшысының тапсырмасы бойынша отбасының барлық мүшесін жерлеуді ұйымдастыру үшін көмек көрсетіледі. Студент әрі қаза болған отбасының елден тыс жерде оқитын үлкен ұлына білім алуға және елімізге келген соң өмір сүруіне материалдық қолдау көрсетілетінін айтты.

– Жоғары жақта түсіретін жерлер бар. Соған қатысты жұмыстар атқарылатын болады. Сонымен қатар комиссия кешке дейін өз жұмысын атқарады. Жоғары жақта қандай қауіпті жерлер бар, соларды анықтаймыз. Қасындағы үйлерге қауіп жоқ, – деді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин.

Айта кетейік, апаттан кейін жақын маңдағы үйлердің тұрғындары №47 мектепке эвакуацияланған. Бірақ сәлден соң  туыстарының үйіне кеткен.

Оқи отырыңыз: Алматыда лай көшкіні жүрді: бір адамның мәйіті табылды