Алматы облысындағы блок-бекетте полиция қызметкеріне пара бермек болған 40 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері тосқауыл бекетінен өту үшін пара ұсынған ер адамды ұстады. Оқиға 17 сәуірде Іле ауданында орналасқан № 4 карантиндік тосқауыл бекетінде болған.
«Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметіне патрульдік полиция батальонының инспекторы өзіне белгісіз ер адамның Алматы облысынан Алматы қаласының аумағына кедергісіз өту үшін бес мың теңге көлемінде пара бермек болғаны туралы хабарлаған. Сағат 19.00 шамасында қызметкерлеріміз Байсерке ауылының 40 жастағы тұрғынын ұстады», – деп хабарлайды Алматы облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы Асет Карменов.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабының 1-бөлігі – Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға пара беру бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
«Ұсталған тұрғын Алматы қаласына өту әрекетін достарымен кездесіп, серуендеу үшін шықтым деп түсіндірген. 5 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаржы тәркіленіп, іс жүргізу тәртібі бойынша іс материалдарына қосылды», – деп толықтырды Карменов.