Алматыда жыл басынан бері 234 өртену фактісі тіркелді

26.04.2022 18:54

Қалалық ТЖД жеке сектордағы өрт шығу қаупі 22 пайызға азайғанын айтады

ашық дереккөз

Алматыда жыл басынан бері 234 өртену фактісі тіркелді. Оның 58-і жеке тұрғын үйде, ал 40-тан астамы пәтерде болған. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті биылғы жылыту мерзімінде жеке сектордағы өрт шығу қаупі 22 пайызға азайғанын айтады.  Қызыл жалынның тұтануына көбіне электр құрылғыларының ескіруі, пешті орнату кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамау себеп болады екен. Бұдан бөлек өрттің алдын алу үшін төтеншеліктер 148 мыңнан аса жеке тұрғын үйді тіркеген. Соның ішінде өрт қауіпсіздігін елемейтін отбасын ерекше назарға алған.

«Шілдеден бастап 1326 әлеуметтік осал топқа жататын отбасы және 1876 бейәлеуметтік өмір салтын ұстанатын адам тізімі жасақталып, жеке топқа бөлінді. Сол тізімге сәйкес әлеуметтік көмек көрсету бойынша шаралар қабылдау үшін аудандық әкімдіктерге және әлеуметтік әл-ауқат басқармасына жолданды», – деді ТЖД басшысының орынбасары Самат Асаинов.