Алматыда 50-ден астам үй жарық пен жылусыз қалды
Алматыда 50-ден астам үй жарық пен жылусыз қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Теректі ықшамауданында трансформаторлық қосалқы стансада кешкі сағат 18.40-та өрт шықты. Қызыл жалын кесірінен ондағы 50-ден астам үй жарықсыз қалды. Тұрғындар жылудан да қағылған. Өйткені басым көпшілігі электр көзіне қосылған пешті пайдаланады.
– Сағат 6.40-та мына трансформатор өртенді. Жарты сағаттан кейін өрт сөндірушілер келіп, өшірді. Оған 65 үй қосылған, – деді Алатау ауданының тұрғыны Гүлден Айтжанова.
– Үйіміз суып кетті. Мен келінімді немерелеріммен бірге төркініне жібердім. Кішкентай 2-3 айлық бала бар. Не істейміз? Бұл мәселені қалай шешеміз? Мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ, – деді Алатау ауданының тұрғыны Жанна Оразбекова.
Ықшамаудандағы оқыс жағдай кезінде апаттық бригада жұмыс істеді. Дер кезінде ақау жойылып, түнгі сағат 03:00-де тұрғын үйлерге жылу мен жарық берілген. Ендігі мәселе – қосалқы стансаны мемлекет меншігіне өткізу.
– Бұл жекеменшік жерде тұр. Сондықтан оны ала алмай тұрмыз. Ақпанда ТП-ны жекеменшіктен мемлекеттік жерге ауыстыру мәселесін қарастырып жатыр. Рәсімдеу процесі жүру керек. Содан кейін түзету жұмыстарын жалғастыратын боламыз, – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Алатау әкімі Теректіде жекеменшіктегі 8 трансформаторлық қосалқы стансаның барын айтты. Себебі олар Алматы облысының Қарасай ауданы аумағында болған. Жыл соңына дейін мемлекет меншігіне өткізу жоспарланып отыр.
Гүлмарал Изатқызы, Талант Айымбетов, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Атырауда көлік мұзға құлап, бір адам қаза тапты