Абай облысы Үржар ауданында Алакөл жағалауындағы өртке байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 4 шілде күні 23:20-да Үржар ауданында Алакөл жағасындағы «Керуен» демалыс базасынан өрт шыққан. Аталған базадағы екі ғимарат, бір кір жуатын орын мен жеті саяжай отқа оранды.
«Сондай-ақ, тілсіз жау «Әйгерім» демалыс базасында – 4 үйді, «Жібек жолы» базасының аумағында – үй мен моншаны, «Әлихан» базасында – 8 ғимарат пен асхананы шарпыды. Өрттің неден шыққаны әлі белгісіз. Мамандар өрттің себебін анықтау үшін тиісті жұмыстарға кірісті», - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта Алакөлдегі алапат өртке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Алакөл жағалауындағы 3 мың шаршы метрге жайылған өрттен 7 адам зардап шеккенін хабарлаған болатынбыз.