Алакөлдегі өрт: сотқа дейінгі тергеу басталды

06.07.2022 19:23

Аталған базадағы екі ғимарат, бір кір жуатын орын мен жеті саяжай отқа оранды

Кадр видео

Абай облысы Үржар ауданында Алакөл жағалауындағы өртке байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 4 шілде күні 23:20-да Үржар ауданында Алакөл жағасындағы «Керуен» демалыс базасынан өрт шыққан. Аталған базадағы екі ғимарат, бір кір жуатын орын мен жеті саяжай отқа оранды.

«Сондай-ақ, тілсіз жау «Әйгерім» демалыс базасында – 4 үйді, «Жібек жолы» базасының аумағында – үй мен моншаны, «Әлихан» базасында – 8 ғимарат пен асхананы шарпыды. Өрттің неден шыққаны әлі белгісіз. Мамандар өрттің себебін анықтау үшін тиісті жұмыстарға кірісті», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта Алакөлдегі алапат өртке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Алакөл жағалауындағы 3 мың шаршы метрге жайылған өрттен 7 адам зардап шеккенін хабарлаған болатынбыз.

Теги: пожар