Екі қалада жұқтыру қаупі бар 80-нен астам нысанға химиялық қоспа шашылған
Елордада дезинфекция жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің биологиялық бөлімшелері қаланың бірнеше ірі көшелерін тазалады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айта кету керек, дезинфекциялау жөніндегі іс-шаралар коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі жедел штабпен өзара іс-қимыл бойынша ұйымдастырылады. Арнайы өңдеуге арналған аумақтарды жергілікті атқарушы органдар анықтайды.
Жеке құрам мен әскери техниканы жұмыс барысында әскери полиция алып жүреді. Бүгінгі күнге дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында дезинфекция жүргізілген. Онда жұқтыру қаупі бар 80-нен астам нысанға химиялық қоспа шашылған.
Сонымен қатар, әскерилер Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз және басқа қалаларда тазалық жұмыстарға кірісті. Осы орайда Қорғаныс министрлігі биологиялық қорғау бөлімшелерінің санын ұлғайтқан.