Бір тәулікте Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 80-ге жуық жол көлік оқиғасы тіркелген. Оған себеп – көктайғақ. Бас қалада кеше күн райы күрт жылып, қар ерігені сол-ақ еді, артынша аяз күшейіп, көше жолдары қатып қалды. Коммуналдық компаниялар мәселемен қалай күресіп жатыр? Almaty.tv тілшісі толықтырады.
Ақпан құбылып тұр. Бас қалада біресе күн күрт жылиды, біресе, толассыз қар жауады. Қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Бауыржан Тоғжұманның айтуынша, бұл көлік апаттарының көбеюіне сеп болып отыр. Күні кеше салдарынан бір адам дене жарақатын да алған.
«Жолдың бойына және жаяу жүргіншілерге арналған жерге құм сеуіп, жұмыс атқаруда. Осыған байланысты жол қозғалысына қатысушылары да, жаяу жүргіншілері де жол жүру ережесін сақтауларыңызды сұраймыз. Яғни жылдамдықты асырмай, жаяу жүргіншілерге белгіленген жерден жолдан өтуіне, бағдаршамның рұқсат етілген белгісіне өтуіне, жолда жүру ережесінің талаптарын сақтауларыңызды сұраймыз», – деді қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Бауыржан Тоғжұманов.
Ауа-райының қолайсыздығына байланысты қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің коммуналдық қызметкерлері де күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Олардың хабарлауынша, жолдың барлық бөлігі тазартылған.
«Бүгінгі күні қала бойынша 512 техника тартылды. Ал, қар тазалауға 480 адам шықты. Соның ішінде 22 мың текше метр қар шығарылып, 80 тонна құм-тұз қоспасы және 50 тонна реагент төгілді. Жалпы Елорда да қар күреу жұмыстары кешкі және түнгі уақытта қарқынды жүрігізіледі», – деді «Астана Тазалық» ЖШС директорының орынбасары Руслан Жүсіпов.