Алматыда көлік ұрлап, полициядан сытылып кетпек болған азамат ұсталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Күдікті біреудің мүлкін қолды қылғанымен қоймай, жол-көлік оқиғасын тудырған. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 28 қыркүйек күні таңғы 5.00 шамасында Шығыс айналма автожолында болған.
Назарға бірден іліккен «күмәнді көлікті» жол сақшылары тоқтатпақ болады. Мұны жүргізуші елемей, тәртіпке бағынбай, қаша бергендіктен, полицейлер оның ізіне түскен. Жылдамдықты асырған жүргізуші тізгінге ие бола алмай, жолда бірге ілесіп келе жатқан өзге көліктерге соғысқан. Сол сәтте ашылған қауіпсіздік жастығының соққысынан, күдікті есінен танып, ал аяғы педальді басып қалған. Полицейлер ер адамның өмірін сақтап қалу үшін әйнекті сындырып, көлікті тоқтатуға мәжбүр болапты.
«Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін барлық мән-жайды анықтау үшін ұсталған адам Бостандық ауданының полиция басқармасына жеткізілді. Сотқа дейінгі бірыңғай тізілімде бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы 1-бөлімі бойынша тіркелген. Тергеу жалғасуда», – деді Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінің инспекторы Дәулет Есмырзаев.