Алматы облысында қылмыс саны 40 пайызға азайды

29.03.2020 19:10

Полиция департаменті өкілдері қаладағы криминогендік жағдайдың қалыпты екенін айтты

polisia.kz

Алматы облысының криминогендік жай-күйі туралы Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысы Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес облыстағы криминогендік жағдай қалыпты.

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері өңірдегі қылмыстар саны 40,7 пайызға төмендеді. Нақты айтқанда, қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық түрлерінде төмендеу байқалады.

Оның ішінде:

– кісі тонау – 36,8%;

– бұзақылық – 31,25%;

– өзгенің мүлкін ұрлау –56,7%;

– зорлау -33,3%;

– мал ұрлығы -25,5 %;

– денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 21,8%

– өзгенің көлігін айдап кету – 22,2% және т.б.

Мысалы, Алтын Орда базарының аумағында 1 ұрлық дерегі тіркеліп, ол ізі суымай ашылды. Есепті кезеңде Қарасай ауданында өзгенің мүлкін ұрлаудың 29 дерегі тіркелген. Ал, өткен жылдың осы кезеңінде осыған ұқсас 74 қылмыс жасалған болатын.

Сонымен қатар, төтенше жағдай енгізілгелі бері облыс аумағында кісі өлтіру немесе қарақшылық шабуыл сынды ауыр қылмыстар тіркелмегенін атап өту қажет.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласына кіре берістерге 17 блок-бекет қойылған болатын. Блок-бекеттердің негізгі міндеті – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ короновирус індетінің таралуының алдын алу. Ең көп блок-бекет Қарасай ауданының аумағында орналастырылған. Осы уақыт аралығында аталан бекеттер аумағында қандай да бір құқық бұзушылық тіркелген жоқ. Дегенмен, 42 адам ҚР ӘҚбК 476-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 40 адам кіріп-шығудың ерекше тәртібін бұзғаны үшін, ал екі азамат көп адам қатысатын іс-шара ұйымдастыруға салынған тыйымды бұзғаны үшін жазаға тартылды.

Олардың отызына 3 тәуліктен 10 тәулікке дейінгі әкімшілік қамау түріндегі санкция қолданылса, қалғандарына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар, Талдықорған қаласынан шығаберістерде, Іле және Қарасай аудандарында қоғамдық тәртіпті бақылайтын жаяу патрульдердің жұмысы ұйымдастырылды.