300-ге жуық адам туыстарының үйіне өз бетінше эвакуацияланды
Абай облысындағы орман алқабында тұтанған өрт әлі өшірілмеген. Тілсіз жауды тоқтатуға қатты жел кедергі болып тұр. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков те келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір төтеншеліктер отпен арпалысып жатыр. ТЖМ және Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті жедел штабтарының дағдарыстық орталықтары құрылды. Семейдегі орман өртіне қарсы жұмыстар екі тәулік бойы жалғасып жатыр. Соңғы мәлеметтерге сүйенсек, 3000 га жуық алқап өртке оранған. Тілсіз жаумен күресуге Астана, Павлодар, Қарағанды облысынан қосымша күштер келіп жатыр.
– Қазір көбінесе шөп, жер өртеніп жатыр. Орман ағаштарының жоғарғы бөлігінде қызыл жалын көрінбейді. Атап өткенімдей, қазір бізде екі өрт ошағы бар. Ондағы жағдай құбылмалы болып тұр. Себебі қатты жел тұрып, бізге кедергі келтіруде. Алайда кешке таман жағдай оңалады деп ойлаймын, – деді облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.
Өрт аймақтарына жақын орналасқан 3 елдімекеннен 300-ге жуық адам туыстарының үйіне өз бетінше эвакуацияланды. Олардың мүліктерінің тоналмауын қамтамасыз ету мақсатында Бородулиха ауданының полиция бөлімінің жеке құрамы кезекшілік етуде. «Дегенмен жақын ауылдарға өрттен қауіп төніп тұрған жоқ» дейді Абай облысының әкімі.
– Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Қазіргі таңда 700-ге жуық жеке құрам жұмылдырылып жұмыс жасап жатыр. Олар – ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, Зкология министрлігі өкілдері. Одан басқа 120-дан астам техника, 6 тікұшақ жұмылдырылды. Барлық қажетті іс-шара қабылданып жатыр. Елдімекендерге ешқандай қауіп жоқ, – деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Айта кетейік, «Қазгидрометтің» хабарлауынша, 24-26 мамыр аралығында Абай облысының Бородулиха ауданында солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді деген болжам бар.
Динара Ерболқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы, Абай облысынан