Қарағанды облысы, Қоскөл ауылының тумасы Қаныш Нұртазиновтың артында төрт баласы жетім қалды
Ақмола облысы Жарқайың ауданында Охотзоопромның қос қорықшысын броконьерлер атып кетті. Салдарынан ауыр жарақат алған қорықшылар санитарлық авиациямен Державинск қаласының ауруханысына жеткізілді. Дегенмен, 1976 жылғы Қаныш Нұртазинов жарты жолда жан тапсырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алдын ала дерекке сенсек, қорықшылар Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспанов киікті атқандар ізіне түскен. «Нива» автокөлігімен қашқандарды тексеру кезінде қаскерлер кенеттен екі маманға оқ жаудырған. Ал, Самат Оспановтің өмірі үшін ақ халаттылар күресуде. Қарағанды облысына қарасты Қоскөл ауылының тумасы Қаныш Нұртазиновтың артында төрт баласы жетім қалды. 2016 жылдан бері «Охотзоопромда» қызмет еткен марқұмның денесі туған ауылына жеткізіледі.
«Оқиға жарты жылдан кейін тағы қайталанып отыр. Екінші инспекторға осы ауруханада ота жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, бұл инспектордың жағдайы өте ауыр. Аталған факті бойынша Жарқайың аудандық полиция бөлімі іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Ал,«Нива» автокөлігі Қостанай облысына тиесілі», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрілігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен ДІЛДАХМЕТ.
Қайғылы оқиғадан кейін «Твиттер» парақшасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болған Қаныш Нұртазиновтың отбасына көңіл айтты. Қасақана кісі өлтірушілер табылып, жазаға тартылады.
Естеріңізге сала кетсек, жыл басында Қарағанды облысы Нұра ауданының аумағында киік атқан браконьерлер екі инспекторды жаралаған еді. Ауыр жарақат алған Ерлан Нұрғалиев 15 қаңтарда ауруханада көз жұмған еді.